
Талдықорғанда үлкен футболдан қаланың ашық чемпионаты өз мәресіне жетті
Бүгін «Жетісу» стадионында үлкен футболдан ересектер арасында өткен «Талдықорған қаласының ашық чемпионаты» өз мәресіне жетті.
Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі жарыс биылғы жылдың сәуір айында басталып, оған 14 команда 300-ден астам әуесқой футболшы қатысты.
Биылғы чемпионаттың ерекшелігі алғаш рет Талдықорған қаласының командаларымен қатар Ақсу ауданының «Сақай» командасы қатысып, жоғары ойын өрнегін көрсетіп, төртінші орынға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жылдан бастап жарыстың ауқымын кеңейтіп, оған Жетісу облысының барлық аудан-қалаларының командаларын қатыстыру жоспарланып отыр.
Чемпионаттың финалдық кезеңіне «Сақай», «Еркін», «ZHETYSU Champions» және «Гор.Акимат» командалары жолдама алып, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Тартысқа толы өткен кездесулердің қорытындысы бойынша:
🥉 ІІІ орын – «Еркін» командасы;
🥈 ІІ орын – «ZHETYSU Champions» командасы;
🥇 І орын және турнир чемпионы «Гор.Акимат» командасы.
Айта кетерлігі, чемпион атанған «Гор.Акимат» командасының сапында №7 нөмірмен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл де өнер көрсетті.
Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі Ернат Бәзіл мұндай спорттық жарыстардың бұқаралық спортты дамытуда, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда және өңірде футболды кеңінен насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, мұндай чемпионаттарды жыл сайын тұрақты түрде өткізіп, оның ауқымын кеңейту қажет екенін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1264146?lang=ru

Жауап қалдыру