
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық туралы заңды іске асыру шеңберінде Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 мекемесінен үш сотталған азамат бостандыққа шығарылды.
Аталған азаматтарға қатысты материалдар заң талаптарына сәйкес зерделеніп, сотқа жолданды. Тараз қалалық №2 сотының қаулысы негізінде олардың жазасының өтелмеген бөлігіне рақымшылық туралы заңның талаптары қолданылып, үш сотталған азамат мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Рақымшылық актісі сотталғандардың жасаған қылмысының санаты, жеке басы, мінез-құлқы және заңда белгіленген талаптар ескеріле отырып қолданылды. Бұл – мемлекет тарапынан түзелу жолына түскен азаматтарға көрсетілетін құқықтық ізгілік қағидатының көрінісі.
Бостандыққа шыққан азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу және қайта әлеуметтендіру бағытындағы жұмыстар уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғасатын болады. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және қайта қылмыс жасауының алдын алуға ықпал ету.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінде рақымшылық туралы заңды іске асыру жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Әрбір сотталғанға қатысты материалдар жан-жақты қаралып, заң талаптарына толық сәйкестігі анықталғаннан кейін ғана сот қарауына жолданады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiszhambyl/press/news/details/1264581?lang=ru

Жауап қалдыру