Жыл соңына дейін су шаруашылығы саласының 1400-ден астам қызметкері біліктілігін арттыру курстарынан өтеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелеріне арналған аппарат кеңесін өткізді.

Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК-ның бірқатар маманы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында білім алып жатыр. Оқыту «Қазақстандағы су ресурстарын басқару, суармалы жерлердің мелиорациясы және гидротехникалық құрылыстардың сенімді жұмыс істеуі», «Су ресурстарын басқару, ирригациялық жүйелерді қауіпсіз пайдалану, су үнемдеу технологиялары, су пайдаланушылармен өзара іс-қимыл және су жеткізуді ұйымдастыру» және «Қазақстан Республикасындағы ауыз сумен қамтамасыз ету: қазіргі жағдайы, технологиялары және тұрақты даму» бағдарламалары бойынша жүргізілуде.

2026 жылдың соңына дейін «Қазсушар» РМК біліктілікті арттыру курстарымен 1404 қызметкерді қамтуды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері министрліктің орталық аппараты, «Қазсушар» РМК, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі және басқа да ведомстволық бағынысты ұйымдардың 63 қызметкері Қытай, АҚШ және Жапония сияқты шетелдерде білімін жетілдірді.

Шетелде ұйымдастырылған біліктілікті арттыру бағдарламалары «Ирригациялық құрылыстарды пайдалану, басқару және техникалық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы жерлерінің инфрақұрылымын дамыту», «Су ресурстарын пайдалану және су ортасының ластануымен күрес», сондай-ақ «Су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану» бағыттарын қамтиды.

«Біліктілікті арттыру бағдарламалары жоғары және орта кәсіптік білімі бар мамандарды ғана емес, жұмысшы мамандықтарының өкілдерін де қамтиды. Осы мақсатта еліміздің су ресурстары саласындағы ғылыми және білім беру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық жолға қойылған. Сонымен қатар шетелдік серіктестермен бірлескен оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр. Курстар барысында су шаруашылығы саласының мамандары күнделікті қызметінде қолдануға болатын өзекті білім мен тәжірибе алады», деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Марат Иманалиев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1264374?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді