
Абай облысы Полиция департаменті Қазақстан Республикасы ІІМ жоғары оқу орындарына түсетін үміткерлерді іріктеудің қорытынды кезеңін жаңа форматта өткізуде.
Бүгінде полиция қызметіне қабылдау – адалдықты, жауапкершілікті, көшбасшылық қасиетті және ел қауіпсіздігіне қызмет етуге деген дайындықты бағалайтын кешенді жүйе. Осы қағидатты негізге алған Абай облысы Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасы ҚР ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді іріктеудің шешуші кезеңін ұйымдастыруда.
Қорытынды кезеңге дейін үміткерлер бірқатар маңызды сынақтардан өтті. Медициналық тексеру, дене даярлығы нормативтері, кәсіби және психологиялық бағалау – олардың әрқайсысы болашақ полиция қызметкерінің дайындығын жан-жақты саралауға бағытталған. Осы талаптардың барлығын сәтті еңсерген талапкерлер ғана соңғы кезеңге жолдама алды.
Биылғы қабылдау науқанының басты жаңалығы – цифрлық жүйені кеңінен қолдану.
Қорытынды әңгімелесу алғаш рет «Қызмет полиция» ресми электрондық платформасы – qyzmet.police.kz арқылы өткізілуде. Бұл – уақыт талабына сай енгізілген тиімді шешім ғана емес, кадрлық іріктеудің жаңа мәдениетін қалыптастыратын маңызды қадам.
Цифрлық платформа әрбір үміткерге тең мүмкіндік ұсынып, іріктеу рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Автоматтандырылған жүйе процестің жеделдігін арттырып, қатысушылар үшін қолайлы әрі заманауи орта қалыптастырады.
Бүгінгі талапкер – ертеңгі офицер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1265627?lang=ru

Жауап қалдыру