
Абай облысының аумағында 28–30 шілде аралығында республикалық «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жолаушылар тасымалы саласындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз тасымалдау қызметінің жолын кесу, сондай-ақ автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды күшейту.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын тұлғаларды анықтау, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын тексеру, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Тексеру барысында заңсыз такси қызметін көрсету, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдалану және жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу фактілеріне ерекше назар аударылуда.
Іс-шараның алғашқы күндерінің қорытындысы бойынша бір тәуліктің өзінде 212 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Атап айтқанда:
заңсыз жолаушылар тасымалдаудың – 4 фактісі;
жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзудың – 16 дерегі;
жолаушылар мен жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтамаудың – 5 фактісі;
техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарудың – 44 жағдайы;
тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын пайдаланудың – 5 дерегі;
мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралдарын пайдаланудың – 12 фактісі;
көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды немесе радиостанцияны пайдаланудың – 42 жағдайы;
жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдігін немесе мотошлемді пайдалану қағидаларын сақтамаудың – 62 фактісі анықталды.
Сонымен қатар, заң талаптарын бұзған 11 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Бауыржан Омаров азаматтарды жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
«Жолаушылардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Әрбір жүргізуші заң талаптарын сақтап, көлік құралын техникалық тұрғыдан жарамды күйде ұстауға және тасымалдау қағидаларын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заңсыз жолаушылар тасымалы мен жол қозғалысы ережелерін елемеу адамдардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты бақылау мен жауапкершілік шаралары алдағы уақытта да күшейтілетін болады», – деді полиция полковнигі Бауыржан Омаров.
Полиция департаменті тұрғындарға сапар барысында тек заңды түрде қызмет көрсететін тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға, жүргізушінің құжаттарына, көлік құралының техникалық жағдайына және қауіпсіздік талаптарының сақталуына назар аударуға кеңес береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1265629?lang=ru

Жауап қалдыру