
«Алакөл барысы – 2026» турнирінің жеңімпаздары анықталды
Бүгін Алакөл ауданының балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде 18 жастан асқан, салмағы 90 келіден жоғары жастар мен ересектер арасында қазақ күресінен «Алакөл барысы – 2026» аудандық турнирі өтті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы құттықтау сөзді Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Төлеужанов Мәулен Төлеубекұлы сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Алакөл ауданының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекболатов Сатай Нұрмұқашұлы мен «Жетісу барысы» турнирінің жүлдегері, белгілі балуан Қабдолдаев Ернар Бауыржанұлы да құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға ақ тілектерін жеткізді.
Жарыстың өту тәртібі мен ережесін турнирдің бас төрешісі – қазақ күресінен спорт шебері, ардагерлер арасында Қазақстан Республикасының және Азия чемпионатының жеңімпазы, әлем чемпионатының қатысушысы, Жетісу облысының құрметті спорт ардагері Шаяхметов Бақтұр Нығметұлы таныстырды.
Дәстүрлі додада ауданның ауылдық және қалалық округтерінен келген балуандар бозкілемде бақ сынап, «Алакөл барысы» атағы мен Жетісу облыстық «Жетісу барысы» турниріне жолдаманы сарапқа салды.
Тартысты белдесулердің қорытындысы бойынша:
🥇 І орын – Шәкенғалиев Мадияр Шатырғалиевич (Көлбай ауылдық округі);
🥈 ІІ орын – Тоқтасынов Нұржан Бақытқалиұлы (Жыланды ауылдық округі);
🥉 ІІІ орын – Ақатаев Бауыржан Қуанышұлы (Үшарал қаласы).
Жеңімпаздар арнайы белдіктермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, І орын иегеріне арнайы алтын белдік пен 500 000 теңге, ІІ орын иегеріне арнайы күміс белдік пен 300 000 теңге, ІІІ орын иегеріне арнайы қола белдік пен 200 000 теңге табысталды.
Сонымен қатар, турнир барысында көрермендер мен жанкүйерлер арасында бағалы сыйлықтар ойнатылып, ұлттық спорт мерекесінің көркін қыздыра түсті.
«Алакөл барысы» турнирі – қазақ күресінің мәртебесін арттыруға, ұлттық спортты кеңінен насихаттауға және жас балуандарды қолдауға бағытталған дәстүрлі әрі маңызды спорттық шаралардың бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1265444?lang=ru

Жауап қалдыру