Ақмола облысында тағы екі станцияда жаңартылған теміржол вокзалдары пайдалануға берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы ретте Сарыоба станциясы мен Аршалы ауданындағы күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалдарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аршалы ауданындағы вокзал ғимараты 1945 жылы салынған. Нысан толық жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай қайта салынды. Ескі ғимарат іргетасына дейін бұзылып, оның орнына қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келетін жаңа вокзал бой көтерді. Жаңа ғимараттың аумағы 80 шаршы метрге ұлғайып, жолаушыларға арналған күту залы кеңейтілді.

Жоба жетекшісі Бекзат Төлестің айтуынша, вокзалда жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілген.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған күту бөлмесі мен санитарлық торап, ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталған вокзал барлық талаптар мен стандарттарға толық сәйкес келеді. Бұл станциядағы жолаушылар ағыны көп болмаса да, барлық қажетті жағдай жасалған», – деді ол.

Сол күні Сарыоба станциясында да толық жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. 1938 жылы салынған ғимараттың техникалық жағдайы тым нашарлағандықтан, ескі нысанды толық бұзып, оның орнына жаңа вокзал салу туралы шешім қабылданды. Жаңа ғимаратта инженерлік желілер толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелер, ана мен бала бөлмесі және арнайы санитарлық торап қарастырылған. Сондай-ақ заманауи желдету, кондиционерлеу және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды. Бұдан бөлек, энергия үнемдейтін витраждар қолданылып, ұзындығы 400 метрлік жолаушылар платформасы жаңартылды.

«Менің бүкіл еңбек жолым теміржол саласымен байланысты. Осы вокзалдан әскерге аттанып, жақындарымызды қарсы алып, шығарып салатынбыз. Сондықтан бұл орын әрбір тұрғын үшін ерекше қымбат. Бүгін жаңа, заманауи вокзалдың ашылғанын көру – зор қуаныш. Құрылысшылар мен теміржол саласының мамандарына шынайы алғысымды білдіремін», – деді Сарыоба станциясының тұрғыны, теміржол саласының ардагері Серікбай Әбжанов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1265210?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді