
Қазақстан Республикасында әрекетсіз салық төлеушілер тізіліміне енгізу және одан шығару тәртібі
Әрекетсіз салық төлеушілер тізілімі салықтық әкімшілендірудің маңызды құралдарының бірі болып табылады және кәсіпкерлік субъектілерінің салық есептілігін ұсыну жөніндегі міндеттерін іс жүзінде орындау деңгейін бақылауға бағытталған. Мұндай тізілімді жүргізу Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 108-бабына сәйкес мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне жатады.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 108-бабына сәйкес, соңғы салық есептілігін тапсырғаннан кейін он екі ай бойы салық есептілігін ұсынбаған заңды тұлғалар-резиденттер, тұрақты мекеме немесе құрылымдық бөлімше арқылы қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар-бейрезиденттер, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер әрекетсіз салық төлеушілер ретінде танылады.
Салық органы жыл сайын 30 сәуірден кешіктірмей тиісті тұлғаларды әрекетсіз салық төлеушілер тізіліміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Тізілім уәкілетті органның интернет-ресурсында шешім қабылданған күннен кешіктірілмей орналастырылады.
Әрекетсіз салық төлеушілер тізілімінде болу бизнес үшін белгілі бір теріс салдарға әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, контрагенттердің сенімінің төмендеуіне, банктермен жұмыс істеу барысында қиындықтардың туындауына және кейіннен қызметті мәжбүрлеп тоқтату рәсімінің қолданылу қаупіне себеп болуы ықтимал. Сондықтан салық төлеушілердің тізілімге енгізу және одан шығару тәртібін білуі маңызды.
Салық кодексі әрекетсіз салық төлеушілер тізілімінен шығару мүмкіндігін қарастырады. Ол үшін тізілімге енгізуге негіз болған себептер жойылуы тиіс.
Салық есептілігі тапсырылғаннан кейін салық органы үш жұмыс күнінен кешіктірмей тізілімнен шығару туралы шешім қабылдайды. Жаңартылған тізілім уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
Іс жүзінде мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерге: ұсынылмаған барлық салық есептілігін тапсыруды; бар болған жағдайда салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті өтеуді; мемлекеттік кірістер органдарының электрондық сервистері арқылы тізілімнен шығарылғанын тексеруді ұсынады.
Әрекетсіз салық төлеушілер тізіліміне енгізілудің алдын алу үшін: салық есептілігін уақытылы тапсыру; қызмет уақытша тоқтатылған жағдайда есептілікті ұсынуды тоқтата тұру рәсімін пайдалану; Салық төлеушінің кабинеті мен мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріндегі хабарламаларды тұрақты түрде бақылау; тіркеу деректерінің өзектілігін және салық міндеттемелерінің орындалуын қадағалау ұсынылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1265509?lang=ru

Жауап қалдыру