
Бүгін Бұланды ауданының Вознесенка ауылында жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – ауыл тұрғындары үшін көптен күткен маңызды оқиға. Өйткені соңғы 20 жыл бойы ауылда өз мәдениет ошағы болмаған. Енді ауыл тұрғындарының шығармашылықпен айналысуына, спортпен шұғылдануына, түрлі мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуіне арналған заманауи кеңістік пайда болды.
Жаңа нысанның ашылуымен ауыл тұрғындарын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова құттықтап, Мәдениет үйі ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
«Бұл балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады, мәдени және қоғамдық іс-шараларды жаңа деңгейде өткізуге жол ашады. Бұл нысан барлық буын өкілдерін біріктіретін маңызды мәдени орталыққа айналып, жастардың өз қабілеттерін жан-жақты дамытуына ықпал етеді», – деді Алтынай Әмренова.
Жаңа ғимарат мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге қажетті барлық жағдаймен жабдықталған. Мұнда концерттер, мерекелік бағдарламалар, кездесулер мен түрлі мәдени шаралар өткізілетін 100 орындық көрермен залы бар. Сонымен қатар бір мезетте 50 адамға дейін қабылдай алатын спорт залы қарастырылған. Ол киім ауыстыратын бөлмелермен, душ кабиналарымен және санитарлық тораптармен жабдықталған.
Бұдан бөлек, Мәдениет үйінде кітапхана, конференц-зал, хореография залы, костюмдер бөлмесі, үйірме өткізу залы және үш мамандандырылған кабинет орналасқан. Ғимараттың ауласында заманауи балалар ойын алаңы салынып, автономды қазандық орнатылған.
Жаңа Мәдениет үйі өз жұмысын бастап та кетті. Спорт залында волейбол және футбол командалары жаттығуда, ересектер мен балалар үстел теннисімен айналысуда, би үйірмесінің екі тобы жұмыс істейді. Алдағы уақытта вокалдық топ, ардагерлер хоры және аға буын тұрғындарына арналған зумба үйірмесін ашу жоспарланып отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа Мәдениет үйінің ашылуы Вознесенка ауылын көркейту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды. Соңғы екі жылда ауылда су құбыры тартылып, жаңа көпір салынды, мектепке күрделі жөндеу жүргізілді және көшелерге жарықтандыру орнатылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің демеушілігімен өрт сөндіру бекеті салынып, өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1265640?lang=ru

Жауап қалдыру