
Қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіне қойылатын талаптар күшейтілген таңда қоғам мемлекеттік қызметтен ашықтықты, әділдікті, кәсібилікті және нәтижелілікті күтеді. Осы сынды талаптарға жауап беретін мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың басты тетіктерінің бірі – меритократия қағидаты.
Меритократия – лауазымға тағайындау немесе қызметтік жоғарылату кезінде адамның жеке байланысына, әлеуметтік мәртебесіне немесе өзге де субъективті факторларға емес, оның кәсіби біліміне, тәжірибесіне, қабілетіне және нақты жетістіктеріне басымдық беретін басқару жүйесі. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметші үшін әділ бәсекелестік ортасын қалыптастырып, еңбек пен білімнің шынайы бағасын айқындайтын көрсететін қағидат.
Меритократияның негізгі мақсаты – мемлекеттік аппаратты білікті әрі жауапты мамандармен толықтырып қана қоймай, қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру. Себебі, азаматтар мемлекеттік органның тиімділігін, ең алдымен, онда қызмет атқаратын адамдардың кәсібилігі арқылы бағалайды. Демек, мемлекеттік қызметтің сапасы әрбір қызметшінің біліктілігімен, жауапкершілігімен және адалдығымен тікелей байланысты.
Қазақстанда меритократия қағидаты 2015 жылдан бастап заңнамалық деңгейде бекітілді.
Меритократияның басты артықшылықтарының бірі – қызметкерлерді тұрақты кәсіби дамуға ынталандыруы. Қызметтік жоғарылау кездейсоқ емес, нақты нәтиже мен кәсіби жетістікке негізделетінін түсінген мемлекеттік қызметші өз білімін жетілдіруге, жаңа дағдыларды меңгеруге және жұмысының тиімділігін арттыруға ұмтылады. Нәтижесінде, мемлекеттік аппараттың жалпы сапасы артып, басқарушылық шешімдердің тиімділігі күшейеді.
Бүгінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді.
Осы орайда, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, кадрларды әділ іріктеу және олардың кәсіби әлеуетін толық пайдалану – жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі бағыты болып табылады. Бұл реформалардың барлығы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігін жақсартуға бағытталған.
Қорытындылай келе, меритократия қағидатын тұрақты дамыту – Қазақстанның заманауи, тиімді және халыққа бағдарланған мемлекеттік қызметін қалыптастырудың маңызды шарты болып қала береді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша департаменті
мемлекетттік қызмет басқармасының басшысы
Е. Жолбарыс
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1265046?lang=ru

Жауап қалдыру