Нитраттардан туындаған тағамнан уланудың алдын алу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне санитариялық-эпидемиологиялық бақылау тексерулер, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және сауда объектілеріндегі өнімдерді бақылау мақсатында сатып алу барысында жүзеге асырылады. Оның ішінде жеміс-көкөніс өнімдерінің құрамындағы нитраттардың мөлшері бойынша қауіпсіздігі де бақыланады.

Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері жеміс-көкөніс өнімдерінің құрамындағы нитраттарды анықтау мақсатында 63 сынама зерттелді. Нормадан жоғары көрсеткіштер анықталған жоқ.

Көбінесе нитраттар азотты тыңайтқыштар мен өсу стимуляторларын қолдану арқылы жылыжайларда өсірілетін ерте пісетін өсімдік өнімдерінде жиналады. Өсіру технологиялары бұзылған жағдайда көкөністер мен жидектерде нитраттардың қауіпті мөлшері жиналуы мүмкін.

       Нитраттардың өзі салыстырмалы түрде қауіпсіз деп есептелгенімен, адам ағзасында олар қан арқылы оттегінің тасымалдануын бұзатын нитриттерге айналуы мүмкін. Нитраттардан уланудың ықтимал белгілеріне әлсіздік, жүрек айну, бас айналу және ас қорыту жүйесінің бұзылуы жатады. Осындай белгілер байқалған жағдайда медициналық көмек алу үшін емдеу мекемесіне жүгіну қажет.

Өсімдік тектес өнімдер үшін нитраттардың шекті рұқсат етілген деңгейлері белгіленген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, нитраттардың тәуліктік рұқсат етілетін мөлшері адамның дене салмағының әрбір 1 килограмына 5 мг құрайды. Ересек адам үшін нитраттардың ең жоғары рұқсат етілетін тәуліктік мөлшері 300–325 мг деңгейінде белгіленген. Ересек адам үшін нитраттардың уытты мөлшері – тәулігіне 600 мг, ал емшектегі балалар үшін – тәулігіне 10 мг. Гигиеналық тұрғыдан алғанда ең маңыздысы – адамның күнделікті тамақтану рационында ағзаға түсетін нитраттардың рұқсат етілген тәуліктік мөлшерінен аспау.

 Жемістер мен көкөністерді сатып алған кезде олардың піскен болуына назар аудару қажет (піспеген өнімдерде нитрат мөлшері жоғары болады). Өнімдерді тоңазытқышта сақтау керек. Дайындау және тағамға қолданар алдында көкөністерді, жидектерді және көк шөптерді ағынды сумен мұқият жуу қажет. Мүмкіндігінше жемістер мен көкөністердің қабығын тазалаған жөн. Сондай-ақ маусымынан бұрын сатылымға шыққан қарбыздар мен қауындарды тұтынудан сақ болған дұрыс. Бақша дақылдарын пайдаланудың ең қауіпсіз кезеңі – олардың табиғи пісіп-жетілу маусымы, яғни жаздың ортасы мен күз айлары.

Санитариялық дәрігерлер өнімдерді ресми сауда орындарынан сатып алуға кеңес береді. Мұндай орындарда қажет болған жағдайда өнімнің шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұратуға болады.

Егер жемістер мен жидектерді жегеннен кейін адамның жағдайы нашарлап, тағамнан улану белгілері байқалса, зардап шегуші жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдаудың бірыңғай платформасы – e-Otinish арқылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына өтініш бере алады. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, нақты бір бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негізді себептер мен оны растайтын дәлелдер болған жағдайда мүмкіндік қарастырылады. Тағамнан улану фактісі (күдігі) медициналық ұйым тарапынан тіркелуі тиіс. Ауру анықталған жері бойынша барлық тағамнан улану жағдайлары, науқастың тұрғылықты жеріне қарамастан, есепке алынады. Егер науқас тағамнан улану күдігімен стационарға жатқызылып, оған «Тағамнан улану» диагнозы қойылса, бұл туралы ақпарат (шұғыл хабарлама) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жолданады.

          

 

 

 

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-kostanay/press/news/details/1265426?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді