
Нью-Йорк, 2026 жылғы 16 шілде – БҰҰ штаб-пәтерінде Қалаларды дамытудың жаңа бағдарламасын іске асырудың орта мерзімді шолуына арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі отырысы өтті.
Отырыс аясында Қалаларды дамытудың жаңа бағдарламасын іске асыруды жеделдетуге және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ұжымдық міндеттемені растайтын Саяси декларация қабылданды.
Қазақстан делегациясын басқарған Астана қаласының Урбанистика орталығының директоры Елнар Базыкен орнықты әрі өмір сүруге қолайлы қалаларды дамыту жөніндегі ұлттық жетістіктер мен инновациялық тәсілдерді таныстырды. Қазақстанның Қалаларды дамытудың жаңа бағдарламасын іске асыруға бейілдігі атап өтіліп, елдің орнықты қалалық даму саласындағы тәжірибесі ұсынылды және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы айтылды.
Сонымен қатар, Қазақстан тәжірибе алмасу және тұрақты қалалық даму саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілету мақсатында БҰҰ-Хабитатпен, БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ), БҰҰ-ның Апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасымен (UNDRR) және басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1265003?lang=ru

Жауап қалдыру