Қасым-Жомарт Тоқаев: «”Болашақ ойындары” елдер арасындағы достықтың алтын көпіріне айналады»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде турнирдің жастарды біріктіретін, инновация мен спортты ұштастыратын бірегей алаң екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, «Болашақ ойындары» шынайы және виртуалды әлемнің мүмкіндіктерін үйлестіріп, жаңа дәуірдің құндылықтарын дәріптейтін маңызды халықаралық жобаға айналды.

«Болашақ ойындарында» спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып, баршамызға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндеседі.

Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр.

Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ.

Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру.

Үлкен спорт қай кезде де әртүрлі мәдениеттерді тоғыстырып, мемлекеттер мен халықтар арасын жақындатуға себепкер болған. Сондықтан жаһандық сын-қатерлер өршіп тұрған жағдайда осындай бірегей жобалардың мән-маңызы арта түсетіні анық.

«Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін».

Сөз соңында Мемлекет басшысы халықаралық турнирдің ұйымдастырылуына үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Сөз соңында осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен бапкерлерге, тиісті мамандарға және еріктілерге алғыс айтамын.

Бұл ойындар халықтарымыздың тамыры терең достығын бекемдейді, береке-бірлігін арттыра түседі деп сенемін.

Спортшыларға сәттілік тілеймін!

Біз сіздерден тартысты ойын күтеміз.

Ендеше, «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялаймын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1265642?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді