
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен арнайы кеңес өтіп, онда 2026 жылғы қаңтар–шілде айлары бойынша агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Кеңеске қаржы институттарының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,4%-ға артып, 2,2 трлн теңгені құрады. Өсім еліміздің барлық өңірінде байқалды.
«Биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі өсім көрсетуі тиіс. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған. Ендігі міндет – әр өңірдің қолда бар мүмкіндігін толық пайдаланып, жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыру», – деді Айдарбек Сапаров.
Отырыс барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Алты айдың ішінде азық-түлік өндірісінің көлемі 14,7%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгеге жетті. Ал сусын өндірісі 4,4%-ға артып, 595 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар бірқатар өңірде азық-түлік өндірісінің нақты көлем индексі бойынша жоспарланған көрсеткіштердің орындалмағаны да айтылды. Облыс әкімдіктерінің өкілдері қалыптасқан жағдайдың себептерін баяндап, көрсеткіштерді жақсарту бағытында қабылданатын шаралар туралы ақпарат берді.
Атқарылған жұмстарды қорытындылай келе, Айдарбек Сапаров өңір әкімдіктеріне қайта өңдеу кәсіпорындарының қызметіне ай сайын мониторинг жасауды күшейтуді, уақытша тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысын қайта жандандыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды, кәсіпорындарды айналым қаражатымен уақтылы қамтамасыз ету мәселелерін шешуді және 2026 жылғы қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша белгіленген нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Қажет болған жағдайда әрбір проблемалы кәсіпорынмен жеке жұмыс жүргізіңіздер. Туындаған мәселелерді созбалаңға салмай, жедел шешіңіздер. Ең бастысы – өсім қарқынының төмендеуіне жол бермеу. Қойылған міндеттерді орындауға барлық жағдай жасалған», – деді министр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1265735?lang=ru

Жауап қалдыру