
🔹Бүгін Байғанин ауданының Алтай батыр ауылында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңғыртылған ауылдық өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – еліміз бойынша аталған бағдарлама аясында пайдалануға берілген 222-ші ерікті өрт сөндіру бекеті.
🔹Іс-шараға Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Аслан Нұрланұлы Арзымбетов, Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Адайұлы, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
🔹Жоба аясында өрт сөндіру бекетінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Бекеттің теңгеріміне су сыйымдылығы 2,5 тонна болатын АЦ ЗИЛ өрт сөндіру автокөлігі беріліп, жеке құрамы 7 қызметкермен толықтырылды.
🔹Жаңғыртылған өрт сөндіру бекеті Алтай батыр ауылымен қатар жақын маңдағы елді мекендерді қамти отырып, жалпы 1346 тұрғыны бар үш елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, олардың салдарын азайтуға және алдын алу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
🔹Бекетте қызметкерлердің тәулік бойы сапалы қызмет атқаруына барлық қажетті жағдай жасалған. Ғимаратта демалыс және жатын бөлмелері, ас үй, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, сондай-ақ өрт сөндіру техникасына арналған гараж қарастырылған. Сонымен қатар бөлімше заманауи өрт-техникалық жабдықтармен және байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етіліп, кәсіби даярлықтан өткен мамандармен жасақталған.
🔹Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңа нысанның жұмысымен танысты. Өрт сөндіру бекетінің басшылығы ғимараттың материалдық-техникалық мүмкіндіктерін, қызметтік бөлмелерін және өрт сөндіру техникасын таныстырып, бөлімшенің күнделікті қызметі туралы жан-жақты ақпарат берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-baiganin/press/news/details/1266104?lang=ru

Жауап қалдыру