Астанада «Болашақ ойындары – 2026» басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордада жаңа буын спортын дамытуға арналған ауқымды халықаралық іс-шара – «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі өз жұмысын бастады. Астанада 29 шілде – 9 тамыз аралығында өтетін бұл дүбірлі додаға 34-тен астам елден 800-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынайды. Іс-шараның ашылу салтанатына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысады.
Турнирдің ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды. Президент өз сөзінде:
 «Бұл турнир – жас ұрпақтың цифрлық және физикалық мүмкіндіктерін ұштастыратын заманауи спорттың жаңа дәуірі. Елордамыз инновациялық спорт түрлерін біріктіретін жаһандық алаңға айналып отыр», – деп атап өтті.
   Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астананың спорттық және қалалық инфрақұрылымы бұл деңгейдегі халықаралық мультиспорттық турнирді жоғары деңгейде өткізуге толық дайындалды. Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов дайындық барысымен танысып, тиісті тапсырмалар берген болатын.
Сондай-ақ, осы турнир аясында елордада Phygital Sports Summit Astana 2026 Дүниежүзілік фиджитал саммиті басталды. Саммиттің ашылуында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов сөз сөйлеп, фиджитал спорттың жаһандық индустриядағы орнына тоқталды. Жиынға Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь спорт министрлері және халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысуда.
Мамандардың айтуынша, бұл ауқымды шара тәжірибе алмасуға, халықаралық серіктестікті нығайтуға және фиджитал қозғалысын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды халықаралық алаңға айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bala/press/news/details/1265671?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді