
Бүгін сағат 13:45-те Хан тоғайында, дәлірек айтқанда Орал орман шаруашылығында өрт шығып, ауданы 18 гектарды құрайтын алқап отқа оранды. Бұл аумақта негізінен үйеңкі және шаған ағаштары өседі. Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен орман шаруашылығы қызметінен 75 адам, 18 техника және «Гейзер» сорғыларымен жабдықталған 2 жүзу құралы жұмылдырылды. Сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің №20982 әскери бөлімінің 20 қызметкері мен 1 техникасы, «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің 4 адамы мен 1 тікұшағы, «Қазавиақұтқару» мекемесінің 5 адамы мен 1 тікұшағы тартылды. Өрт сағат 20:28-де оқшауланды.
Жергілікті атқарушы орган, төтеншеліктер мен орманшылардың жедел әрекетінің нәтижесінде күннің ыстығы мен желдің екпініне қарамастан көне табиғи-тарихи нысанда өрттің одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Оқиға орнында қызметкерлер жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Орал қаласы мен барлық аудан әкімдеріне тиісті органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/uralsk/press/news/details/1265991?lang=ru

Жауап қалдыру