
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихат депутаттарының келісімі және өңір басшысының өкімімен Ақтоғай ауданының әкімі лауазымына Ернұр Әйткенов тағайындалды.
Ернұр Нұрмұханұлы 1965 жылы туған. Май ауданының тумасы. Жоғары білімді, мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам еңбек өтілі бар.
Әр жылдары Май, Баянауыл, Аққулы және Тереңкөл аудандарын басқарды. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты қызметін атқарды.
Ауданның жаңа басшысын таныстыра отырып, Асайын Байханов Ақтоғай ауданының даму қарқыны оң динамиканы көрсетіп отырғанын, алайда бірқатар бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.
Ең алдымен өңір басшысы инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Қазіргі таңда аудан тартылған инвестиция көлемі бойынша облыста 10-орында тұр. Осыған байланысты жаңа әкімге инвесторлармен жұмысты жандандырып, жаңа жобаларды іске асыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу тапсырылды. Сонымен қатар, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларды тарту бағытындағы жұмысты күшейту міндеті жүктелді.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Биыл егіс алқаптары 5,3 мың гектарға ұлғайды. Алайда құрғақшылық жағдайында өнімді сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, мал азығын дайындау және егін жинау науқанын уақытылы жүргізу қажет екені атап өтілді.
Биыл аудан аумағында бюджет қаражаты есебінен 15 жоба жүзеге асырылуда. Асайын Байханов олардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Негізгі міндеттердің қатарында жыл соңына дейін Ақжол ауылындағы спорт кешенінің құрылысын аяқтау, Жамбыл, Қайран, Қараой, Әбжан, Жаңатап, Жаңабет және Жоламан ауылдарының кіреберіс жолдарды жөндеу, сондай-ақ тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, Жаңабет және Жаңатап ауылдарының ішкі көшелерін жөндеу мәселесін пысықтау бар.
Бұдан бөлек, жаңа әкімге аудан орталығындағы автовокзал мен қоғамдық моншаны қалпына келтіру, сондай-ақ бассейн салу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ, жылу беру маусымына уақтылы дайындалу, су тасқынының алдын алу шараларын іске асыру және Шолақсор ауылына кіреберіс жолдағы көпір құрылысы жобасын 2027 жылдың бюджетіне енгізу де кезек күттірмейтін міндеттердің қатарында аталды.
Жиын соңында Асайын Байханов Ернұр Әйткеновтің қызметіне табыс тілеп, аудан әкімінің жұмысы ең алдымен тұрғындардың өмір сапасына оң әсер ететін нақты нәтижелермен бағалануы тиіс екенін атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1266088?lang=ru

Жауап қалдыру