
Скринингтік зерттеулер – ауруларды ерте кезеңде анықтауға бағытталған медициналық тексерулер кешені. Қызметкерлер үшін скринингтен өту аурулардың алдын алудың маңызды шараларының бірі болып табылады. Бұл ретте еңбек заңнамасында қызметкерлерге тиісті кепілдіктер қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, скринингтік зерттеулерден өту үшін берілетін демалыс әлеуметтік демалыстар қатарына жатады. Қызметкердің скринингтен өтуі үшін жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге жұмыстан босатылуға құқығы бар. Бұл кезеңде қызметкердің жұмыс орны, атқаратын лауазымы және орташа жалақысы сақталады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілерге қосымша міндеттер жүктеледі. Жұмыс беруші қызметкерге жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақтала отырып, скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс беріп қана қоймай, денсаулық сақтау саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерді осындай зерттеулерден өтуге жіберу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті болады.
Осылайша, қызметкерлердің профилактикалық медициналық тексерулерден өтуі мәселесінде жұмыс берушінің рөлі күшейеді. Яғни жұмыс беруші қызметкерге скринингтен өту мүмкіндігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оның белгіленген тәртіппен өтуіне ықпал етуі тиіс.
Егер жұмыс беруші қызметкерге скринингтік зерттеулерден өтуге мүмкіндік бермесе, қызметкер жұмыс берушіге жазбаша түрде жүгініп, скринингтен өту үшін әлеуметтік демалыс беруді сұрауы қажет. Демалыс беруден бас тартылған, ол тиісті түрде рәсімделмеген немесе қызметкерді жалақысы сақталмайтын демалыс алуға мәжбүрлеген жағдайда, қызметкер өзінің еңбек құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы.
Скринингтік зерттеулерден өту тәртібі, қызметкерлерге берілетін еңбек кепілдіктері және алдағы өзгерістер туралы толығырақ бейнеинтервьюден көре аласыздар.
🎥 Бейнежазбаны мына сілтеме бойынша көре аласыздар :https://www.instagram.com/reel/DalLdPrupFG/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-enbek/press/news/details/1266291?lang=ru

Жауап қалдыру