
Шахтинск технологиялық колледжінің студенті жасаған металл ұшақ IIW 2026 Digital Collection Welded Art Photographic Exhibition: Shaping the Future халықаралық цифрлық фотокөрмесінде ұсынылған жұмыстардың қатарына енді.
Көрмеге әлемнің 15 елінен келген авторлардың 50-ден астам арт-нысаны қойылған.
Көрменің басты тақырыбы – Shaping the Future («Болашақты қалыптастыру»). Қатысушылар дәнекерлеудің түрлі технологиялары арқылы жасалған металл мүсіндерін ұсынды. Туындылар инновация, тұрақты даму, шығармашылық және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу идеяларын бейнелейді.
Биыл Қазақстан атынан көрмеге жеті білім беру ұйымы мен кәсіпорын қатысты.

Сол жұмыстардың бірі – Шахтинск технологиялық колледжінің «Дәнекерлеу ісі» мамандығында оқитын студенті Дмитрий Нафеев арнайы пәндер оқытушысы Елена Бедареваның жетекшілігімен жасаған ұшақ композициясы.

Педагогтің айтуынша, негізгі мақсат шығармашылық идеяны жүзеге асырумен қатар, болашақ дәнекерлеушінің кәсіби шеберлігін де көрсету болған.
— Бұл жұмыстың ерекшелігі – сырт көзге жеңіл көрінгенімен, оның әр бөлшегінің артында үлкен кәсіби еңбек жатыр. Әрбір бөлшек жеке дайындалып, мұқият сәйкестендіріліп, кейін дәнекерлеу арқылы біріктірілді. Мұндай жұмыс технологияны жетік меңгеруді, жоғары дәлдікті, кеңістіктік ойлауды, төзімділікті, ұқыптылықты және көркемдік талғамды талап етеді, – деді Елена Бедарева.
Көрме үшін ұшақ бейнесінің таңдалуы да кездейсоқ емес. Ол алға ұмтылысты, жаңа белестерді бағындыруға деген құлшынысты, дамуды және өз күшіне деген сенімді білдіреді. Оқытушының пікірінше, мұндай қасиеттер бүгінгі заман маманы үшін аса маңызды.

— Мен үшін болашақ дәнекерлеушінің өз жұмысын сапалы орындап қана қоймай, металдан әсем әрі бірегей дүниелер жасау мүмкіндігін де көре білуі маңызды. Мен студенттеріме үнемі: «Жақсы дәнекерлеуші металды біріктіреді. Ал нағыз шебер одан өзгелер таңдай қағатын туындылар жасайды» деп айтып жүремін. Сондықтан біз оқу бағдарламасының аясымен шектелмей, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға тырысамыз, – деді Елена Бедарева.

Халықаралық көрмеге қатысу мүмкіндігі өткен жылдың соңында Шахтинск технологиялық колледжі Халықаралық дәнекерлеу институтының аккредиттеуінен сәтті өткеннен кейін ашылды. Бұл оқу орнына халықаралық жобаларға қатысуға жол ашып, өз жұмыстарын түрлі елдердің кәсіби қауымдастығына таныстыруға мүмкіндік берді.

Қазір колледж ұжымы жаңа шығармашылық композицияны әзірлеп жатыр. Оны келесі жылы өтетін IIW көрмесінде таныстыру жоспарланған. Сонымен қатар олар ресми каталогқа енуді ғана емес, халықаралық іс-шараға жеке қатысуды да мақсат етіп отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1266019?lang=ru

Жауап қалдыру