ТҮРКІСТАН: «АРЫС-2» ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ЖАҢҒЫРТУДАН КЕЙІН ҚАЙТА АШЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласында толықтай қайта салынып, заманауи талаптарға сай жаңғыртылған «Арыс-2» теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – бүгінгі «Арыс-2» вокзалы. Бұл нысан тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сапалы қызмет көрсетуге бағытталған, – деді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.
Сондай-ақ жиында «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев құттықтау сөз сөйлеп, жаңартылған вокзалдың теміржол саласын дамытудағы маңызына тоқталып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Жаңадан бой көтерген вокзал ғимаратында ана мен бала бөлмесі, заманауи күту залы, ақпараттық мониторлар, салқындату жүйесі, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жағдайлар және өзге де қажетті жабдықтар қарастырылған. Сонымен қатар перрон аумағында 5 мың шаршы метр асфальт жабыны жаңартылып, жаңа күту орындары мен жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Тәулігіне 300-ден астам жолаушыға, жылына 65 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген жаңа вокзал заманауи талаптарға толық сай келеді. Жолаушылар пойыздарының орташа ағымы – тәулігіне 18 пойыз. Оның ішінде 2 пойыз халықаралық бағытта қатынайды.
Салтанатты рәсім барысында Теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Байниязов ақ батасын беріп, жаңа вокзалдың халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында салтанатты түрде вокзалдың көгілдір лентасы қиылып, қатысушылар жаңа нысанның жұмысымен танысты.
Вокзал кешенін қайта жаңғырту аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1266135?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді