
Түркістанда Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның мәжілісі өтті. Жиында тәуекел тобындағы балалармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істердің жай-күйі және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.
Мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттік органдардың, құқық қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр. Өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг, интернет кеңістігіндегі қауіптер және жасөспірімдердің психологиялық саулығына әсер ететін өзге де тәуекелдер әлі де өзекті. Сондықтан негізгі басымдық құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған тиімді профилактикалық жұмыстар күшейтіле берілуі тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Түркістан облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова тәуекел тобындағы балалармен жүргізіліп жатқан жеке профилактикалық жұмыстар туралы баяндады. Ал Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істердің жай-күйі жөнінде баяндама жасап, құқықбұзушылықтардың себеп-салдары мен олардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді.
Түркістан облысы Білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов білім беру ұйымдарында құқықбұзушылықтың алдын алу, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ ата-аналармен және құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.
Жиын қорытындысында Еркебұлан Дауылбаев жауапты басқармалар мен мекемелерге тәуекел тобындағы балалармен жүргізілетін жеке профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруды, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді, білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары және ата-аналар қауымдастығы арасындағы өзара байланысты нығайтуды тапсырды. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1266128?lang=ru

Жауап қалдыру