
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «Заң түні» әлеуметтік акциясы өтті. Іс-шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтары құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара «Koktal» сауда-ойын-сауық орталығында Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен, Сарыарқа ауданы прокуратурасының, аудан әкімдігінің, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өтті. Бейінді мамандар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндірді.
Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Данияр Ізбасаровтың айтуынша, елорда прокуратурасы биыл осындай акцияны 12 рет өткізуді жоспарлап отыр.
«Бұл акцияның мақсаты — азаматтарға тегін әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету. Бүгінгі іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктің, полиция қызметінің және басқа да мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, тұрғындарға кеңес беруде. Бүгін мен жеке қабылдауыма келген екі азаматтың өтінішін тыңдадым. Егер азаматтардың мәселелерін заң аясында шешуге мүмкіндік болса, тиісті шаралар қабылдап, мәселенің оң шешілуіне ықпал етеміз. Ал құқықтық кеңес қажет болған жағдайда мамандар қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіреді», — деді ол.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар елордада жүйелі түрде өткізіледі. Олар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңгерлік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және азаматтардың мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған.
#законипорядок #заңментәртіп

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1265929?lang=ru

Жауап қалдыру