Жамбыл облысында мектеп медицинасын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысында мектеп медицинасын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды

Жамбыл облысында мектеп медицинасын жетілдіруге арналған облыстық семинар-кеңес өтті. Басқосуда білім беру ұйымдарындағы медициналық қызметтің сапасын арттыру, балалар денсаулығын нығайту және профилактикалық жұмысты жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.

Семинарды Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек ашып, мектеп медицинасын дамыту – ұлт саулығына салынған маңызды инвестиция екенін атап өтті. Оның айтуынша, балалардың денсаулығын сақтау ең алдымен мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан білім беру ұйымдарындағы сапалы медициналық бақылау мен алдын алу шараларының тиімділігі айрықша маңызды.

Басқарма басшысы қатысушылар алдағы уақытта балаларға профилактикалық медициналық тексеру жүргізу тәртібіне енгізілетін өзгерістермен, «Салауатты мектеп» жобасының жаңа бағыттарымен және мектеп медицинасын цифрландыруға қатысты тың шешімдермен танысатынын жеткізді. Сонымен қатар ол тәжірибе алмасып, ортақ ұсыныстар әзірлеудің өңірдегі мектеп медицинасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін айтты.

Семинар барысында Астана қаласының мектеп медицинасы жөніндегі үйлестірушісі Айжан Абылқасова балаларға профилактикалық медициналық тексеру жүргізудің жаңа стандартын таныстырып, мектеп медицинасын жаңғырту бағытындағы негізгі өзгерістерге тоқталды.

Ал Digital Health Technologies компаниясының өкілі Диас Сералиев мектептердің медициналық кабинеттерін заманауи цифрлық шешімдермен жабдықтау мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ ҚР ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалының бас маманы Шынаркүл Тәуікібаева «Салауатты мектеп» жобасының өңірде жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Семинар соңында қатысушылар жаңа тәсілдерді тәжірибеге енгізу жолдарын талқылап, мектеп медицинасының тиімділігін арттыруға қатысты өзара пікір алмасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1266040?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді