
Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында синтетикалық есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық әрекеттің жолын кесіп, олардың халық арасында таралуына тосқауыл қойды.
Қылмыстық іс аясында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі заттарын заңсыз сақтап, өткізді деген күдікпен 41 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Жеке тінту және санкцияланған тергеу әрекеттері барысында психотроптық зат – мефедрон салынған бірнеше орама тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 270 грамнан асып, аса ірі мөлшерге жатады.
Полиция қызметкерлерінің дер кезінде қабылдаған шараларының нәтижесінде қауіпті есірткі партиясының заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Осылайша өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіптің алдын алу мүмкін болды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта полицейлер қылмыстың барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ тыйым салынған заттардың жеткізілуі мен өткізілу арналарының жолын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шараларын жалғастыруда.
Жетісу облысының Полиция департаменті есірткі құралдарының заңсыз айналымы қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретінін еске салады. Есірткі қылмыстарының жолын кесу және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, ерекше бақылауда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1266191?lang=ru

Жауап қалдыру