
Қарағанды облысының Шет ауданында Ақадыр және Мойынты теміржол станцияларындағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Екі ғимарат та 1936 жылы салынған. Күрделі жаңғыртудан кейін олар жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сай келеді.

Ақадыр станциясы арқылы тәулігіне 38 жолаушылар пойызы қатынайды. Сондықтан жолаушыларға қолайлы жағдай жасау жобаның басты міндеттерінің бірі болды. Вокзалдың күту залдарына заманауи кондиционерлеу жүйесі, жаңа жиһаз және пойыздар қозғалысының кестесін көрсететін электрондық ақпараттық тақта орнатылды. Билет кассасы толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы ата-аналарға арналған жеке күту бөлмелері, сондай-ақ заманауи талаптарға сай бейімделген санитарлық тораптар жабдықталды. Перрондардағы жарықтандыру жақсартылып, кез келген ауа райында пойыз күтуге қолайлы болуы үшін қорғаныш шатырын орнату жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар вокзал қызметкерлері мен теміржолшыларға арналған жаңа қызметтік бөлмелер пайдалануға берілді.

Елеулі өзгерістер Мойынты станциясында да жүзеге асты. Мұнда вокзал ғимараты ғана емес, вокзал маңы аумағы мен екі жолаушылар платформасы да қайта жаңғыртылды. Станция арқылы тәулігіне 34 жолаушылар пойызы өтеді.

— Бүгін біз үшін ерекше әрі қуанышты күн – жаңғыртылған теміржол вокзалы келушілерге есігін айқара ашып отыр. Мұнда ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ғимарат толықтай заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Атап айтқанда, бұрын болмаған ана мен бала бөлмесі ашылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де барлық қажетті жағдай жасалды. Барлық жабдық пайдалануға берілді, бүгінде біз жолаушыларға жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге толық дайынбыз. Қазіргі таңда вокзал тәулігіне 200-ден астам жолаушыны қабылдай алады, – дейді вокзалдың аға кезекшісі Нұргүл Шоқпарова.

Жаңғыртудан кейін жолаушыларды заманауи желдету және кондиционерлеу жүйелерімен жабдықталған жарық әрі жайлы күту залдары қарсы алады. Залдар жаңа жиһазбен және ыңғайлы орындықтармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы отбасылар үшін арнайы күту бөлмелері мен бейімделген санитарлық тораптар қарастырылған. Сондай-ақ вокзалға жаңа дауыс зорайтқыш байланыс жүйесі орнатылып, жолаушылар платформалары заманауи жарықтандырумен қамтамасыз етілді. Теміржол кешенінің қызметкерлеріне қолайлы қызметтік кабинеттер де жасақталды.

Ақадыр және Мойынты вокзалдарын жаңғырту «Қазақстан темір жолы» компаниясының теміржол инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бүгінде бұл станциялар жолаушыларға жайлылықтың, қолайлылықтың және қолжетімділіктің жаңа деңгейін ұсынады.
Жалпы Қарағанды облысында Балқаш-2, Мойынты, Ақадыр, Дария, Жарық, Жаңа Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау (жұп), Мырза, Нұра, Сарыбел станцияларындағы 10 вокзал және Теміртау, Айса, Қарағанды-Сұрыптау (тақ), Сарышаған станцияларындағы төрт жолаушылар платформасы жаңғырту жұмыстарымен қамтылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1266010?lang=ru

Жауап қалдыру