
Ақтөбеде ұрланған велосипед бейнебақылау арқылы табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Кешкі уақытта Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінің жанындағы спорт алаңына келген жасөспірім велосипедін қалдырып, футбол ойнауға кеткен. Алайда қызу ойынға берілген сәтте оның велосипеді бөтен біреудің олжасына айналған.
Велосипедтің жоғалғанын байқаған ата-анасы дереу полицияға хабарласқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен 49 жастағы ер адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Күдіктіні анықтауға оқу орны аумағындағы бейнебақылау камераларының жазбалары көмектескен. Камералар ұрлық сәтін толықтай тіркеп қалған. Нәтижесінде ұрланған велосипед заңды иесіне қайтарылды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полиция азаматтарға велосипедтерін тіпті қысқа уақытқа қалдырған жағдайда да қараусыз қалдырмауға және міндетті түрде сенімді құлыппен бекітуге кеңес береді. Қарапайым сақтық шаралары мүліктің ұрлану қаупін едәуір төмендетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1267050?lang=ru

Жауап қалдыру