Электрондық еңбек шарттары: жұмыс беруші мен жұмыскер нені білуі керек

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасында еңбек қатынастарын цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі – электрондық еңбек шартын жасау және Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін (ЕСЕБЖ) пайдалану. Бұл жүйе еңбек қатынастарын есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етуге, еңбек қызметі туралы мәліметтердің сақталуына және кадрлық құжат айналымын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес еңбек шарты қағаз жеткізгіште де, электрондық нысанда да жасалуы мүмкін. Электрондық еңбек шарты заңнама талаптары сақталған жағдайда қағаз түрінде жасалған еңбек шартымен бірдей заңды күшке ие.

Еңбек шарттары туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-1-бабында көзделген Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕСЕБЖ) есепке алынады. ЕСЕБЖ – еңбек шарттарын, жұмыскерлердің еңбек қызметін және жұмыскерлердің санын есепке алуға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе.

Жұмыс беруші еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер енгізу және оны тоқтату туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ЕСЕБЖ-ге енгізуге міндетті. Ұсынылатын мәліметтердің уақтылығы мен дұрыстығына жұмыс беруші жауапты болады. Мәліметтерді ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі №353 бұйрығымен бекітілген Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және оларды алу қағидаларымен реттеледі.

ЕСЕБЖ-ге жұмыскер мен жұмыс беруші туралы мәліметтер, еңбек шартының жасалған күні, лауазымы (кәсібі), жұмыс орны, еңбек шартының мерзімі, еңбек шартына енгізілген өзгерістер мен оның тоқтатылуы туралы, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де мәліметтер енгізіледі.

Заңнамада еңбек шартын міндетті түрде электрондық нысанда жасау талабы көзделмеген. Жұмыс беруші еңбек шартын қағаз жеткізгіште де, электрондық форматта да жасай алады. Сонымен бірге еңбек шарты жасалғаннан кейін жұмыс беруші оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек шарты туралы мәліметтерді ЕСЕБЖ-ге енгізуге міндетті. Еңбек шартына өзгерістер енгізілген немесе ол тоқтатылған жағдайда да мәліметтер заңнамада белгіленген мерзімдерде ұсынылады.

Электрондық еңбек шартын қолданудың бірқатар артықшылықтары бар. Ол еңбек қатынастарын ресімдеуді жеңілдетуге, қағаз құжат айналымын азайтуға, еңбек қызметі туралы мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге, құжаттардың жоғалу тәуекелін төмендетуге, еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруға және еңбек шарты туралы ақпаратқа жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жұмыскер өз еңбек шарты туралы мәліметтермен Enbek.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы немесе мемлекеттік электрондық сервистердің көмегімен таныса алады. Бұл енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеруге және еңбек қатынастары туралы ақпараттың ЕСЕБЖ-де тіркелгеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Еңбек қатынастарын цифрландыру еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек қызметі туралы мәліметтердің толық әрі дұрыс есебін жүргізуге және жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сондықтан жұмыс берушілердің Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын сақтауы және еңбек шарттары туралы мәліметтерді ЕСЕБЖ-ге уақытылы енгізуі ерекше маңызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-lab/press/news/details/1265899?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді