Ербол Қарашөкеев Тұрар Рысқұлов ауданындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысының өңірлерді кешенді дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тұрар Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барды.

Іссапар кезінде аймақ басшысы білім беру, туризм, спорт, экология, тұрғындардың қауіпсіздігі, көлік инфрақұрылымы және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірқатар маңызды нысанды аралап, құрылыс қарқыны мен атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын зерделеді.

Алдымен Малдыбай ауылындағы 120 орындық жаңа орта мектепке барды. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нысанды жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беруді, қажетті құжаттарды рәсімдеп, лицензия алу жұмыстарын жеделдетуді және аумақты абаттандыруды тапсырды.

Бұдан кейін халықаралық Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізі бойында салынып жатқан сервистік қызмет көрсету кешенінің құрылысымен танысты.

Құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобаны «Бауырсақ» ЖШС жүзеге асыруда. Кешен құрамында жолаушылар мен жүк көліктеріне арналған қызмет көрсету орталығы, кафе, мейрамхана, қонақ үй, автошеберхана, автотұрақ және санитарлық-гигиеналық аймақ болады.

Жоба жетекшісі Ғалымжан Шалатаевтың айтуынша, құрылыс кезінде 45 адам жұмыспен қамтылса, нысан іске қосылғаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда жұмыстардың 80 пайызы аяқталған. Кешенді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі құрылыс мерзімін сақтап, қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуді, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және отандық өнімдерді саудаға шығаруға басымдық беруді тапсырды.

Бұдан соң Құлан ауылындағы Дендро саябағының жай-күйімен танысты. 2007 жылы пайдалануға берілген, аумағы 12,4 гектарды құрайтын саябақтың едәуір бөлігі тозғаны және күтіп-ұстау жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілгені анықталды. Осыған байланысты саябақты қалпына келтіру, көгалдандыру, суару жүйесін реттеу және абаттандыру жұмыстарын қазан айына дейін аяқтау міндеті жүктелді.

Құлан ауылында салынып жатқан спорт мектебінің құрылысы да назарға алынды.

– Тұрар Рысқұлов ауданынан төрт әлем чемпионы шыққан. Бұл – үлкен жетістік. Жаңа спорт мектебі пайдалануға берілсе, халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар тәрбиеленетініне сенім мол. Ол үшін балаларға заманауи талаптарға сай барлық жағдай жасалуы тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев.

Қарақат ауылындағы №2 орта мектепке жапсарлас салынып жатқан спорт залының құрылысы да тексерілді. Қазіргі таңда жұмыстардың 80 пайызы орындалған. Мердігерлерге құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру тапсырылды.

Жоспардан тыс «Пихологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мекемесінің жылыту қазандығы да қаралды. Көмірмен жұмыс істейтін, тозығы жеткен қазандықты газға көшіру және аталған нысанға апаратын жолды жөндеу міндеті қойылды.

Іссапар аясында Құлан ауылындағы №6 мектеп-гимназиясында орналасқан жаңадан құрылған №526 сайлау учаскесінің материалдық-техникалық дайындығы мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды.

Одан кейін облыс әкімі мектеп ауласында «Арай» тұрғын алқабындағы №9 көшенің тұрғындарымен кездесіп, ауызсу мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аудан әкімдігіне бұл мәселені жедел шешуді ескертті.

Сапар барысында Құлан ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысы зерделенді. 2012 жылы пайдалануға берілген, аумағы 5 гектар полигонның толу деңгейі бүгінде 90 пайызға жеткен. Осыған байланысты жаңа полигонға жер телімі белгіленген. Облыс әкімі оны биылғы қараша айына дейін пайдалануға беруді, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді, экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді және полигон жұмысын тиімді жоспарлауды тапсырды.

Луговой ауылындағы «Түрксіб» теміржол вокзалының құрылысы да бақылауға алынды. Мердігер – «Интеллект Азия» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Облыс әкімі нысанды белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауды талап етті.

Жұмыс сапары «Ернұр» шаруа қожалығында аудан диқандарымен кездесумен қорытындыланды.

Кездесу барысында Ербол Қарашөкеев мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ егін орағын жоғары қарқынмен жүргізіп, өнімді қысқа мерзімде әрі ысырапсыз жинауды және ауыл шаруашылығы техникаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1267111?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді