Ет және ет өнімдеріне қойылатын талаптар

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ет өнеркәсібі халықты толыққанды ақуызбен, алмастырылмайтын аминқышқылдарымен, В тобы дәрумендерімен және минералды заттармен қамтамасыз ететін тамақ өнеркәсібі құрылымындағы маңызды салалардың бірі болып табылады. Сонымен қатар ет және оны қайта өңдеу өнімдері зооноздардың, жұқпалы аурулардың және қоздырғыштары табиғи жағдайда адамға берілетін бірқатар гельминтоздардың таралу факторы болуы мүмкін.Қазіргі заманғы ет өнімдері нарығының ауқымы кең: салқындатылған жаңа еттен бастап, күрделі құрамды шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттарға дейінгі өнім түрлерін қамтиды.

Еуразиялық экономикалық одақ елдері аумағында ет қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейтін негізгі құжат – Кеден одағының «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті (КО ТР 034/2013) (бұдан әрі – регламент) болып табылады. Аталған регламент сою өнімдері мен ет өнімдерінің қауіпсіздігіне, сондай-ақ оларды өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілейді. Сонымен қатар өнімдердің еркін айналымын қамтамасыз ету мақсатында сою өнімдері мен ет өнімдерінің таңбалануы мен қаптамасына қойылатын талаптарды айқындайды.

Ет өнімдерінің қауіпсіздігі мемлекеттік және мемлекетаралық стандарттар арқылы қатаң реттеледі. Шикізат пен дайын өнімнің әрбір партиясында сойылатын жануарлардың денсаулығын растайтын ветеринариялық құжаттар, сәйкестік туралы декларациялар және тауар-көлік құжаттары болуы тиіс.Өнім құрамындағы ылғал, май, ақуыз мөлшері, бояуды бекіткіш ретінде қолданылатын натрий нитритінің қалдық мөлшері бақыланады. Сондай-ақ антибиотиктердің, өсу гормондарының, ауыр металдардың болмауы және патогенді микроорганизмдердің анықталмауы тексеріледі.Өнімнің таңбалануы оның нақты құрамын, бұлшықет тінінің мөлшеріне байланысты санатын, дайындалған күнін, жарамдылық мерзімін, сақтау шарттарын, тағамдық құндылығын, нарықтағы айналымның бірыңғай белгісін (ЕАС), сондай-ақ мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпаратты қамтуы тиіс.

Департамент және оның аумақтық бөлімшелері ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігіне бақылау жүргізеді. Ағымдағы кезеңде өнімдерді бақылау мақсатында сатып алу шеңберінде 50 сынама ет және ет өнімдері алынып, зерттелді. Оның ішінде 10%-ы таңбалау талаптары бойынша техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеді.Техникалық регламенттер мен гигиеналық нормативтер талаптарына сай келмейтін өнімдерді өткізу фактілері бойынша өнімді айналымнан алып қою және сатылымнан қайтарып алу жөнінде шұғыл ден қою шараларын қолдану туралы бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 5 қаулысы шығарылды.

Өз денсаулығын және жақындарының денсаулығын сақтау үшін облыс тұрғындарына өнімнің таңбалануын мұқият зерделеу, ілеспе құжаттары жоқ тауарларды сатып алудан бас тарту, сақтау талаптары мен жарамдылық мерзімдерін ескеру ұсынылады.

Осылайша, техникалық регламенттер мен сапа стандарттарының талаптарын сақтау халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің маңызды шарты және ет өнімдерін қауіпсіз тұтынудың кепілі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-kostanay/press/news/details/1266746?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді