
Енді Қазақстанға импортталатын мемлекеттік тіркеуден өткен дәрілік заттар үшін тауардың нысаналы мақсатын растайтын құжатты ұсыну талап етілмейді. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Үкіметінің денсаулық сақтау саласында қосылған құн салығын (ҚҚС) қолдануды реттейтін №1203 және №1204 қаулыларына енгізілді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, енгізілген өзгерістер ҚҚС бойынша жеңілдіктерді қолдану тәртібін нақтылап, оны біріздендіруге бағытталған.
Атап айтқанда:
- тауарлар тізбесі Еуразиялық экономикалық одақтың жаңартылған Тауар номенклатурасы кодтарына сәйкестендірілді;
- қағидалардағы кейбір нормалар нақты жазылып, олардың әртүрлі түсіндірілуіне жол берілмейді;
- тауардың нысаналы мақсатын растайтын құжат қандай жағдайда қажет екені нақтыланды.
Жаңа тәртіпке сәйкес, тауардың нысаналы мақсатын растайтын құжат тек Қазақстанда дәрілік заттарды өндіруге арналған фармацевтикалық субстанциялар, балк-өнімдер, шикізат және материалдар импортталған кезде ғана қажет болады. Себебі бұл өнімдер мемлекеттік тіркеуден өтпейді.
Ал мемлекеттік тіркеуден өткен дәрілік заттарды импорттау кезінде мұндай құжат талап етілмейді. Өйткені олардың медициналық мақсатта қолданылуы мемлекеттік тіркеу арқылы расталады. Бұл ақпарат Қазақстан Республикасының Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінде және Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізілімінде көрсетілген.
Қазақстанда дәрілік заттарды өндіруге арналған фармацевтикалық субстанциялар мен балк-өнімдерді импорттау кезінде ҚҚС-тан босату үшін импорттаушының дәрілік заттарды өндіруге лицензиясы және тауарды нысаналы пайдалану туралы міндеттемесі болуы қажет.
Тіркелмеген дәрілік заттарды елге әкелу тәртібі өзгерген жоқ. Олар бұрынғыдай Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген рұқсат беру тәртібі бойынша импортталады.
Енгізілген өзгерістер дәрілік заттарды импорттау кезінде артық әкімшілік рәсімдерді азайтуға және ҚҚС бойынша қолданыстағы талаптарды түсінікті әрі біркелкі қолдануға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kmfk/press/news/details/1266685?lang=ru

Жауап қалдыру