“Қауіпсіздік азимуты” акциясы аясында ШҚО-да профилактикалық рейдтер жүргізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құтқарушылар су айдындарында адамдардың қаза болуының алдын алу және шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану мақсатында ұйымдастырылған республикалық “Қауіпсіздік азимуты” профилактикалық акциясына белсенді қатысуда.

Акция барысында құтқарушылар Бұқтырма су қоймасы аумағында шағын көлемді кемелердің иелеріне тексеру жүргізіп, қауіпсіздік тек жүзу құралының техникалық жарамдылығына ғана емес, оны басқаратын адамның жауапкершілігіне де байланысты екенін еске салды.

Рейд кезінде құтқару кеудешесін міндетті түрде пайдалану, жолаушылардың рұқсат етілген санынан асырмау, кемені мас күйінде басқармау, ауа райы жағдайларын ескеру және өзімен бірге барлық қажетті құжаттарды алып жүру қажеттігіне ерекше назар аударылды.

«Біздің басты міндетіміз – азаматтардың су айдындарында қаза болуына жол бермеу, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту емес. Алайда әрбір кеме жүргізушісі қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс. Егер бұл талаптар ескерілмей, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.

Құтқарушылар демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу жолдары туралы нұсқаулықтар таратты. Сондай-ақ өңірде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 8 адамның суға батып кеткеніне назар аударды.

Рейд барысында сапбордпен жүзушілерге де ерекше көңіл бөлінді. ШҚО ТЖД қызметкерлері жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін сақтандыру бауын пайдалану, құтқару кеудешесін кию, қайықтарға жақын жүзбеу, сапбордты шамадан тыс жүктемеу, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында және қолайсыз ауа райында суға шықпау қажеттігін түсіндірді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-vko/press/news/details/1266370?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді