
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қызметкердің еңбек қызметін ұйымдастырудың бірнеше нысаны қарастырылған. Солардың ішінде қоса атқару және қатар атқару ұғымдарын ажырата білу маңызды.
Қатар атқару – қызметкердің негізгі жұмысынан бос уақытында басқа жұмыс берушімен немесе сол жұмыс берушімен жеке еңбек шартын жасасу арқылы қосымша жұмыс орындауы.
Қоса атқару – қызметкердің өзінің негізгі жұмысымен қатар, жұмыс уақытында негізгі қызметінен босатылмай қосымша лауазымның міндеттерін орындауы немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін атқаруы. Бұл жағдайда қызметкерге қосымша ақы төленеді.
Қызметкерді қоса атқаруға тарту еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес және тараптардың келісімімен жүзеге асырылады. Ал қатар атқару кезінде әрбір жұмыс орны бойынша жеке еңбек шарты жасалады және еңбек құқықтары толық көлемде сақталады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Сапарғалиев М.Б.:
«Қызметкерлер мен жұмыс берушілер қоса атқару мен қатар атқарудың құқықтық айырмашылығын нақты білуі қажет. Бұл еңбек қатынастарын заң талаптарына сай рәсімдеуге және еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті жұмыс берушілер мен қызметкерлерді еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға және еңбек қатынастары кезінде өз құқықтары мен міндеттерін білуге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau-enbek/press/news/details/1266431?lang=ru

Жауап қалдыру