
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Аустрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахермен кездесті. Кездесу барысында тараптар инвестиция, туризм және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Аймақ басшысы мейманға Шығыс Қазақстанға қайта келгені үшін алғыс айтып, бұл сапар екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға деген өзара қызығушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Биылғы сапарыңыздың «Марқакөл – Шығыстың маржаны» халықаралық фестивалі аясында өтіп жатқаны ерекше қуантады. Бұл өңіріміздің қайталанбас табиғатын, туристік әлеуеті мен мәдени мұрасын жақынырақ таныстыруға мүмкіндік береді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кездесу барысында Қазақстан мен Аустрия арасындағы өзара сенім мен сындарлы диалогқа негізделген достық қарым-қатынастардың маңыздылығы айтылды. Облыс әкімі Аустрия Елшілігінің Шығыс Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп отырғанын жоғары бағалады.
Тараптар биылғы қаңтар айында өткен алғашқы кездесудің нәтижелеріне де тоқталды. Сол кезде денсаулық сақтау, өнеркәсіп және туризм салаларындағы нысандар таныстырылып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың әлеуеті талқыланған болатын.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен SANLAS HOLDING GmbH компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан заманауи оңалту орталығын салу жобасы болды.
Облыс әкімі аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтып, оны іске асыруға аустриялық тараптың қызығушылығын жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар жобаға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтіп, Аустрия Елшілігін SANLAS HOLDING GmbH компаниясымен өзара іс-қимылды жандандыруға қолдау көрсетуге шақырды.
Кездесу барысында тараптар биыл мамыр айында Астанада Аустрияның федералдық министрлерінің ресми сапары аясында өткен қазақстандық-аустриялық бизнес-дөңгелек үстелдің қорытындыларын да оң бағалап, мұндай алаңдар жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті жоғары екенін айтып, өңір австриялық компаниялардың жаңа жобаларын қарастыруға және оларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде Аустрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахер Шығыс Қазақстанның табиғи әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен қатар аймақ басшысы бірқатар шетелдік компаниялардың басшыларымен де кездесті. Атап айтқанда, қытайлық YEMA және Altay Xinji International Trade компанияларының жетекшілерімен өткен кездесулерде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланды.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1267119?lang=ru

Жауап қалдыру