
«Karaganda Komir» ЖШС-нің «Тентек» шахтасында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына жоспарлы тексеру аяқталды.
Бақылау іс-шарасының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бағалау, өндірістік тәуекелдердің алдын алу және тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ету болды.
Тексеру барысында шахтаның 74 нысаны қамтылды. Нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 113 бұзушылығы анықталып, оларды белгіленген мерзімде жою туралы нұсқама берілді.
Анықталған бұзушылықтарға байланысты уәкілетті орган тарапынан қауіпсіз пайдалануға қатер төндіретін бұзушылықтар жойылғанға дейін жекелеген өндірістік нысандардың қызметіне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы екі акт шығарылды. Сонымен қатар заңды тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 298-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жүзеге асырып отырған жүйелі бақылау-қадағалау жұмыстары тек бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асыруға да ықпал етуде.
Атап айтқанда, Басқарманың талап етуімен қазіргі уақытта «Тентек» шахтасының жаңа оқпанында Германияның OLKO компаниясы шығарған 2DW G 6,3×3,15 заманауи екі барабанды көтергіш қондырғысын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаны іске асыру шахтаның жаңа көкжиегін пайдалануға енгізуге, көтергіш кешеннің сенімділігін арттыруға және тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Ал уәкілетті орган тарапынан тұрақты бақылау мен қадағалау апаттардың алдын алудың, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтаудың, сондай-ақ қауіпті өндірістік нысандардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-karaganda/press/news/details/1266923?lang=ru

Жауап қалдыру