
Ішкі істер министрлігі ел аумағында есірткі заттарын байланыссыз тәсілмен өткізуді жүзеге асыратын интернет-есірткі дүкендерінің қызметін анықтау және жолын кесуге бағытталған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қостанай қаласында интернет-есірткі дүкенінің 25 жастағы өңіраралық курьері ұсталды. Ол Қазақстанның өңірлері арасында ірі көлемдегі есірткі партияларын тасымалдап, кейін оларды жасырын орындар арқылы таратуға жеткізіп отырған.
Қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында есірткілер вакуумды қаптамаларға салынып, құрғақ сүттің қораптарына мұқият жасырылған. Бұл оларды тасымалдау кезінде күдік тудырмауға және құқық қорғау органдарының анықтауын қиындатуға бағытталған.
Күдіктіні ұстау барысында жалпы салмағы 1,5 келіні құрайтын меткатинон мен марихуана тәркіленді. Бұл заңсыз айналымға түспеген 10 мыңнан астам бір реттік дозамен пара-пар.
Қазіргі уақытта полицейлер қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларды, есірткіні жеткізу арнасын және интернет-есірткі дүкенінің қызметіне қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Ішкі істер министрлігі интернет-есірткі дүкендерінің қызметіне кез келген деңгейде қатысу — ұйымдастырушы, оператор, жасырын орынға қалдырушы немесе курьер болсын — ауыр қылмыс болып табылатынын және заңнамаға сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Заңсыз есірткі айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтау және ұстау, сондай-ақ интернет арқылы ұйымдастырылған есірткі бизнесінің инфрақұрылымын жою бойынша жұмыстар жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kostanay/press/news/details/1266943?lang=ru

Жауап қалдыру