
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев Бекзат секторында жеке инвестиция есебінен салынған жаңа медициналық орталықтың ашылуға дайындығымен танысты.
Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу жұмыстары аяқталу кезеңінде. Сонымен қатар, заманауи медициналық құрал-жабдықтарды орнату, қажетті инфрақұрылымды жасақтау және білікті мамандарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Екі қабатты, заманауи талаптарға сай бой көтерген медициналық орталықта тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін барлық жағдай қарастырылған. Орталық іске қосылғаннан кейін тұрғындар МӘМС жүйесі аясында емханаға тіркеліп, бейінді дәрігерлердің қабылдауынан тегін өте алады. Сондай-ақ зертханалық және диагностикалық тексерулерден өтіп, күндізгі стационар қызметтерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Жеке инвестиция есебінен салынған медициналық орталық мемлекеттік бағдарламалар аясында арендалық жер алу арқылы жүзеге асырылып, жақында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Нысанды аралау барысында қала әкімі медициналық қызмет сапасын арттыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды бағыты екенін атап өтті. Осыған орай, орталықты іске қосу кезінде барлық құрылыс және медициналық талаптардың толық сақталуын, қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейде ұйымдастырылуын жауапты тұлғаларға тапсырды.
– Халыққа көрсетілетін медициналық қызмет қолжетімді әрі сапалы болуы тиіс. Сондықтан жаңа орталық тұрғындардың сұранысына толық жауап беріп, заманауи талаптарға сай жұмыс істеуі қажет. Ең бастысы – әрбір тұрғын қажетті медициналық көмекті тегін әрі тиімді, өзіне қолайлы жағдайда алуы керек, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1267123?lang=kk

Жауап қалдыру