Құмар Ақсақалов: Арқалықтың 70 жылдығы – мереке емес, қаланы жаңғырту кезеңі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Арқалық қаласының мерейтойы ауқымды жаңғыру жұмыстарының бастауына айналды. Қаланың 70 жылдығына орай ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, инженерлік желілер жаңартылып, Торғай өңірінің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалануда.

Жұмыс сапары барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мерейтой жылындағы басты мақсат – салтанатты іс-шаралар өткізу емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес қаланы қайта жаңғырту екенін атап өтті.

Дамудың жаңа кезеңі

Ең ірі жобалардың бірі – Арқалық әуежайын қалпына келтіру. Әуежай инфрақұрылымының нысандарының құрылысы аяқталып, аэродром инфрақұрылымын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта әуежай сертификаттау рәсімінен өтуде.

«Әуежайдың ашылуы Арқалық қаласының, Амангелді, Жангелдин және Жарқайың аудандарының 80 мыңнан астам тұрғыны үшін көлік қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тұрғындардың қызметтерге қолжетімділігі артып, бизнесті дамыту мен инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашылады», – деді өңір басшысы.

Жаңа вокзал және стратегиялық жолдар

1972 жылы салынған теміржол вокзалы толық жаңғыртудан өтті. Ғимараттың аумағы кеңейтіліп, инженерлік жүйелері жаңартылды, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. 3 тамыздан бастап «Нұрлы жол – Арқалық» жаңа пойызы қатынай бастайды.

Сонымен қатар ұзындығы 889 шақырым болатын «Орталық – Батыс» автожолының Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша құрылысы жалғасуда. Оның 401 шақырымы Қостанай облысының аумағы арқылы өтеді.

Ұзындығы 1 166 шақырым болатын «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолы да стратегиялық маңызға ие. Оның 125 шақырымы Қостанай облысының аумағында орналасқан. Жолдарды қайта жаңарту нәтижесінде Арқалықтан Қостанайға дейінгі қашықтық 450 шақырымға, Астанаға дейінгі жол 600 шақырымға дейін қысқарды. Бұл Арқалықтың «шығыс – батыс» және «солтүстік – оңтүстік» бағыттарының тоғысындағы маңызды көлік-логистикалық орталық ретіндегі рөлін күшейтеді.

Коммуналдық инфрақұрылым жаңартылуда

Қалада коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

«2023 жылдан бері 17,3 шақырым жылу желісі қайта жаңартылды. Соның нәтижесінде олардың тозу деңгейі 90 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеп, жылу шығыны 32 пайыздан 22,1 пайызға дейін қысқарды. Жылу желілері мен жылу электр орталығының жабдықтарын жаңарту жұмыстары жалғасуда», – деді Құмар Ақсақалов.

Соңғы үш жылда 65 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды. Биыл тағы 17 үй жөндеуден өтеді. Қалада музыкалық жаяу жүргіншілер субұрқағы орнатылып, 10 мың шаршы метрге жуық аумаққа брусчатка төселді, 2 мың түп ағаш егілді.

Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында төрт жоба жүзеге асырылып, 62 шақырымнан астам су құбыры желісі қайта жаңартылды. Желілердің тозу деңгейі 86,4 пайыздан 40 пайызға дейін төмендеп, апат саны екі есеге азайды. Бүгінде қала халқы толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Әлеуметтік нысандар – басты назарда

Соңғы үш жылда 30-дан астам әлеуметтік нысан жөнделіп, 43 спорт алаңы салынды.

Пайдалануға спорт кешені, күрес залы бар спорт интернаты және Мәдениет сарайы берілді. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жабық хоккей кортының және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.

Арқалық қаласының 70 жылдығына орай өңірде облыстық жазғы спартакиаданы өткізу жоспарланып отыр.

Болашаққа бастар даңғыл

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Құмар Ақсақалов мерейтойдың басты мәні – мерекелік шараларды өткізуде емес, инфрақұрылымды жаңғыртуда, экономиканы дамытуда және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда екенін ерекше атап өтті.

«Арқалықтың 70 жылдығы – бұл тек мерекелік іс-шаралар, концерттер мен салтанатты кештердің легі емес. Ең алдымен, бұл – қала дамуына жаңа серпін беріп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік. Бұл – инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Ең бастысы – арқа­лықтықтардың туған қаласының болашағына деген сенімін нығайтып, Арқалықтың қайтадан инвестициялар тартатын, жастарды қызықтыратын және жаңа мүмкіндіктер ашылатын өсім нүктесіне айналып келе жатқанына деген сенімді күшейту», – деп түйіндеді өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1267071?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді