
Сарыағаш қаласындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде. Елдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған бұл жоба жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруды көздейді.
Осыған байланысты Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысанына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Нысанда мердігер мекеме өкілдерімен кездескен аудан басшысы құрылыс жұмыстарының орындалу қарқыны, сапасы және белгіленген мерзімнің сақталуы жөнінде жауапты мамандардың есебін тыңдады.
Кездесу барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының әр кезеңі сапалы орындалуы тиіс екенін атап өтіп, барлық жұмыстардың қолданыстағы құрылыс талаптары мен техникалық қауіпсіздік нормаларына сәйкес жүргізілуін тапсырды. Сонымен қатар тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру үшін жұмысты тиімді ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.
Бүгінде құрылыс алаңында жұмыстар екі ауысымда жүргізілуде. Нысанда 95 жұмысшы еңбек етуде және 4 арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы, ал құрылыс-монтаж жұмыстарын «Bold Construction Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін «Сарыағаш» теміржол вокзалы заман талабына сай жаңа келбетке ие болып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы артады. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымының дамуына серпін беріп, аудан тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1267094?lang=ru

Жауап қалдыру