ТҮРКІСТАНДА «БАЛА ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан қаласында балалардың қауіпсіздігі мен олардың әл-ауқатын қамтамасыз ету, сондай-ақ сот тәжірибесінде бала құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдері жан-жақты талқыланған семинар өтті.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Азамат Жаманчинов, Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрсұлтан Өмірбай және салаға жауапты 70-ке жуық маман қатысты.
Семинар барысында өңірдегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың және өзге де әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қауіп төндіретін факторлар, олардың алдын алу тетіктері және жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары талқыланды. Бұдан бөлек, «Сенімді дос» әдістемелік нұсқаулығы таныстырылып, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің балалардың құқықтарын қорғаудағы рөлі, сондай-ақ «111» байланыс орталығына келіп түсетін хабарламалармен жұмыс жүргізу тәртібі сөз болды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев балалардың құқығын қорғаудың жаңа әдістерін енгізу жұмыстарына ерекше тоқталып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
— Баланың өмірі, денсаулығы, қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өскелең ұрпақтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл міндеттерді іске асыруда барлық мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, денсаулық сақтау, құқық қорғау, әлеуметтік қорғау салаларының және азаматтық қоғам институттарының бірлескен жұмысы ерекше рөл атқарады. Түркістан облысында да балалардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің ықпалы, кибербуллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық, психологиялық күйзелістер мен басқа да қауіп факторлары балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды талап етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жаңа әдістермен ұйымдастыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және заманауи тәсілдерді енгізу аса маңызды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың заңды құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллингтің, кибербуллингтің, құқық бұзушылықтың және суицидтік мінезқұлықтың алдын алу бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар тәуекел топтарын ерте анықтау, балаларға уақытылы психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің тиімділігін күшейту және әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасауымыз қажет. Баланың қауіпсіздігі – мемлекеттің қауіпсіздігі, ал баланың бақыты – елдің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарымызды бірлесіп, жүйелі әрі жауапкершілікпен жалғастыруымыз қажет, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Айта өтейік, облыс көлемінде бала құқықтарын қорғау және психологиялық қолдау көрсету жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1267083?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді