
ЖЕТІСАЙДА 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫННЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ
Жетісай ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында өткен ауқымды сенбілікке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерін, білім беру, денсаулық сақтау саласының өкілдерін, коммуналдық сала қызметкерлері мен еріктілерді, белсенді жастар мен аудан тұрғындарын қоса алғанда 3 мыңға жуық адам қатысты.
Сенбілік барысында елді мекендердегі саябақтар мен демалыс орындары, автомобиль жолдарының бойлары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, өрт қаупін арттыратын құрғақ шөптер мен бұталар арнайы орындарға тасымалданды. Одан бөлек, дала және орман алқаптарына жақын аумақтарда өрттің алдын алуға бағытталған ескерту белгілері мен ақпараттық баннерлер орнатылды.
Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде орын алатын дала өрттерінің басым бөлігі адам факторынан туындайды. Сондықтан, мұндай профилактикалық шаралар табиғатты қорғаумен қатар, тұрғындардың жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жолындағы аудан тұрғындарының бірлігі мен қоршаған ортаға деген жанашырлығын көрсеткен бүгінгі сенбілік – қоршаған ортаны қорғауға, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге және табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен мұндай экологиялық акциялар мен тазалық шаралары жыл бойы тұрақты түрде жалғасын тауып келеді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1267155?lang=ru

Жауап қалдыру