5 млн теңгеге дейінгі қаржы және дауыс беру құқығы: Алматы жастары алғаш рет өз бастамаларын жүзеге асыруға бюджет алады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда алғаш рет Алматы жастары қаланы дамытуға бағытталған өз бастамаларын жүзеге асыру үшін 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау алу мүмкіндігіне ие болады. Алматы қаласында жастардың өз идеяларын ұсынып, оларды қаржыландыруға және жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа әрі ауқымды «Жастардың бюджетке қатысуы» жобасына өтінім қабылдау аяқталуға жақын.

Бұл – жастарға қаланы дамытуға қатысты өз ұсыныстарын енгізуге, қаржылай қолдау алуға және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде, оның ішінде қоғамдық қолдауды қалыптастыруға, іске асырылуын бақылауға және мониторинг жүргізуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы бірегей тетік. Жоба жастардың азаматтық және электоралдық белсенділігін дамытуға, қоғамдық маңызы бар шешімдер қабылдау мәдениетін қалыптастыруға және жастардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынды. Жаңа бастаманы енгізу туралы ұсынысты Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды көтеріп, жобаны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы жүзеге асыруда.

Экологиялық бастамалардан бастап цифрлық сервистерге, жастар тәрбиесі, патриотизмді дамыту, білім беру бағдарламалары, мәдени жобалар, жастар кәсіпкерлігі және әлеуметтік бастамаларға дейінгі түрлі бағыттар бойынша енді жастар өз ұсыныстарын ұсынып, Алматыны одан әрі заманауи, жайлы әрі тартымды қалаға айналдыруға нақты үлес қоса алады.

«Жастардың бюджетке қатысуы» жобасы азаматтық белсенділікті, жастар көшбасшылығын және қоғамдық бастамаларды дамытуға арналған жаңа алаңға айналады. Бұл әрбір белсенді жасқа өз идеясын нақты қалалық жобаға айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Жобаға Алматы қаласында тұратын 18-35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Өтінімдерді бастамашыл топ, жастар ұйымы немесе қоғамдық бірлестік құрамында jasalmaty.kz порталы арқылы электрондық форматта тапсыруға болады.

Жобаларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Оның негізгі ерекшеліктерінің бірі – ашық онлайн дауыс беру. Дауыс беру электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе SMS-растау арқылы жүргізіліп, рәсімнің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.

Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша 12-ден 60-қа дейін жастар бастамасына қолдау көрсету, сондай-ақ жастардың әлеуетін ашуға арналған қосымша мүмкіндіктер қалыптастыру жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/jasalmaty/press/news/details/1267788?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді