
Алматы облысында денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы жұмыс сапарымен Еңбекшіқазақ ауданына барып, өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты. Іссапарға Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысты.
Жұмыс сапары Шелек ауылындағы ШЖҚ «Шелек ауылының №1 Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы» КМК-дан басталды. Делегация медициналық ұйымның қызметімен, бөлімшелердің жұмысымен, материалдық-техникалық базасымен және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің ұйымдастырылуымен танысты. Сонымен қатар аурухана аумағында салу жоспарланып отырған күндізгі стационардың құрылыс жобасы қаралып, оны іске асырудың негізгі кезеңдері талқыланды.
Одан кейін жұмыс тобы Алматы облыстық паллиативтік көмек ауруханасына барып, медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасымен, паллиативтік көмекті ұйымдастыру жүйесімен және пациенттерге жасалған жағдаймен танысты. Кездесу барысында ұжыммен аурухананы одан әрі дамыту және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Шелек ауылындағы облыстық мамандандырылған балалар үйіне барып, тәрбиеленушілерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдаймен, медициналық және оңалту қызметтерінің ұйымдастырылуымен танысты.
Жұмыс сапары Есік қаласында жалғасты. Делегация Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасының жұмысымен танысып, қабылдау бөлімінің, мамандандырылған бөлімшелердің, диагностикалық қызметтің жұмысын және медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасын зерделеді. Кездесу барысында аурухананы одан әрі дамыту, заманауи диагностика және емдеу технологияларын енгізу, медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Бұдан кейін №1 Перинаталдық орталықтың қызметі таныстырылды. Делегация акушерлік, гинекологиялық және неонатологиялық бөлімшелердің жұмысымен танысып, жүкті әйелдерге, босанушыларға және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмекті ұйымдастыру барысын бағалады.
Жұмыс сапарының қорытындысында Еңбекшіқазақ ауданындағы денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи медициналық технологияларды енгізу және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыру жөніндегі басым міндеттер айқындалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1267231?lang=ru

Жауап қалдыру