
Өскеменде екі тұрғыннан 91 есірткі орамасы тәркіленді
Өскемен қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері заңсыз есірткі айналымының жолын кесті. Іс-шаралар «Қарасора-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде 18 және 19 жастағы екі тұрғын ұсталды. Олар есірткі заттарын өткізу мақсатында адамдар тобы болып заңсыз сақтады деген күдікке ілінді. Күдіктілерді жеке тінту кезінде тыйым салынған заттар салынған 91 орама тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың құрамынан жалпы салмағы 25,29 грамм мефедрон, 27,21 грамм α-PVP психотроптық заттары және жалпы салмағы 6,24 грамм каннабис шайыры анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы көлемі заңнамаға сәйкес аса ірі мөлшер болып саналады.
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Күдіктілердің біріне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, екіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады. Есірткі қылмыстарының жолын кесу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1267415?lang=ru

Жауап қалдыру