
Өткен демалыс күндері Қазақстанда Теміржол көлігі қызметкерлерінің күні аталып өтті. Кәсіби мереке қарсаңында Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде Теміржолшылар саябағы мен сала еңбеккерлеріне арналған ескерткіш монументтің салтанатты ашылуы өтті. Бұл кентте көптеген отбасының өмірі теміржол саласымен тығыз байланысты.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, мерекелік шараға кент тұрғындары, сала ардагерлері және «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілдері қатысты. Үздік теміржолшылар Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар ескерткіш тақталарға ауданның құрметті азаматтары атанған теміржол саласының еңбек сіңірген қызметкерлерінің есімдері қашап жазылды.

Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, саябақтың бой көтеруіне үлес қосқан азаматтардың барлығына алғысын білдірді.
— Сарышағанды теміржолшылар кенті деп бекер атамайды. Бүгінде әрбір үшінші отбасының әл-ауқаты осы саламен байланысты. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жолаушылар және жүк пойыздары магистраль бойымен үздіксіз қатынап, теміржол аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып отыр. Мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа монумент пен Теміржолшылар саябағы еңбек адамдарына деген құрметтің белгісіне айналып, кент тұрғындарының барлығына арналған игі тарту болсын, — деді Абылай Аманжолов.

Жоба бастамашыларының айтуынша, жаңа саябақ тек демалыс орны ғана емес, теміржол саласының тарихын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын сақтайтын маңызды қоғамдық кеңістікке айналады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1267604?lang=ru

Жауап қалдыру