ҚАЗЫҒҰРТТА «ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылында туған жерге тағзым, елге қызмет ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен «Туған жерге тағзым – елге қызмет» атты тағылымды мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сапабекұлы Аширов, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Әзімханұлы Исмаилов, зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында туған жердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосып, ауылдың көркеюіне атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ туған жерінің тамаша кейіпке еніп ажарлануына ерекше үлес қосып, ел игілігі жолында белсенділік танытып жүрген Балтабай Балқия ханымға ауылдастары ризашылықтарын білдіріп автокөлік мінгізді.
Туған жердің абыройын асқақтатып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды ұлықтау – жас ұрпаққа өнеге, кейінгі буынға үлкен аманат. Елдің өркендеуі мен ауылдың ажарлануы – осындай азаматтардың еңбегі мен елжандылығының жемісі.
Мерекелік шара барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында асық ату, ләңгі тебу, садақ ату, қол күресі және гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар өзара бақ сынасып, ұлттық ойындардың мәні мен маңызын көпшілікке кеңінен насихаттады.
Сонымен қатар, аудандық суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық өнер мен шығармашылықтың үздік үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның мәдени бөлімі концерттік бағдарламаға ұласты. Көпшілік назарына Шарбұлақ ауылының тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылым ұсынылып, туған өлкенің өткені мен бүгінін сабақтастырған көрініс көрермен көңілінен шықты.
Сахна төрінде елімізге белгілі айтыскер ақындар Айнұр Тұрсынбаева мен Еркебұлан Қайназар туған жерге арналған арнауларын айтып, жырдан шашу шашты. Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева, эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова және «Жігіттер» квартетінің әншісі Айдар Тұрғанбек әсем әндерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, туған жерге тағзым – тарихқа құрмет, ал елге қызмет – ұрпақ алдындағы аманат. Шарбұлақта өткен бұл мерекелік шара туған өлкенің тарихын ұлықтап, елге еңбегі сіңген азаматтарды дәріптеген, ұлттық құндылықтарды насихаттаған тағылымды басқосу болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1267250?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді