
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс саласын цифрландыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Құрылыс кодексі нормаларын іске асыру аясында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі (МҚҚК АЦЖ) арқылы электрмен, жылумен, сумен жабдықтауға және су бұру желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды ұсыну қызметтері іске қосылды.
Жаңа цифрлық тетік техникалық шарттарды алу рәсімдерін ашық етіп, аумақтардың инженерлік желілермен қамтамасыз етілуі және табиғи монополиялар субъектілеріндегі жеткілікті мүмкіндіктер туралы ақпараттардың қолжетімді болуына жол ашады. Бұл инвесторларға, құрылыс жүргізушілерге және өзге де өтініш берушілерге нысандарды инженерлік инфрақұрылымға қосу мүмкіндігін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті және Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде жүйеге техникалық шарттар беру қызметін көрсететін 375 табиғи монополия субъектісі қосылды. Оған қалған ұйымдарды қосу жұмыстары жалғасуда. Цифрлық сервис пайдаланушылар арасында сұранысқа ие болып отыр. 2026 жылғы шілде айының соңындағы жағдай бойынша МҚҚК АЦЖ геопорталы арқылы техникалық шарттарды алуға 3 495 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 2 067 өтінім қаралып, 879 өтінім мақұлданса, 696 өтінім қанағаттандырылмады, ал қалған өтінімдер табиғи монополия субъектілерінің қарауында.
Техникалық шарттарды ұсынудың цифрлық форматын енгізу – құрылыс саласындағы рәсімдердің ашықтығын арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және инвестициялық әрі құрылыс жобаларын іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1267959?lang=ru

Жауап қалдыру