
Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу және Жол қозғалысы қағидаларын бұзудың жолын кесу мақсатында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Ерекше назар көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқаратын жүргізушілерді анықтауға аударылып отыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Апта сайын демалыс күндері елорда аумағында «Мас жүргізуші – қылмыскер!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтер ұйымдастырылады. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жүргізушілердің заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін қалыптастыру.
Жыл басынан бері көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін шамамен 1000 жүргізуші әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар, көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамдардың көлік басқаруына байланысты 69 азамат қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Өткен демалыс күндері заңнаманы өрескел бұзудың тағы бір дерегі анықталды. Полиция қызметкерлері патрульдеу барысында 28 жастағы ер адамның басқаруындағы Audi маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдік масаңдық белгілері байқалды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.
Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Астана қаласы Полиция департаменті еске салады: масаң күйде көлік басқару – Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзудың ең қауіпті түрлерінің бірі. Бұл әрекет жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.
#законипорядок #заңментәртіп
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1268691?lang=ru

Жауап қалдыру