
Абай орталығында E-Otinish жүйесіндегі жолданымдармен жұмыс жүргізу және азаматтарды қабылдау орталығының қызметін жетілдіруге бағытталған «Әкімшілік рәсімдерді қолданудың практикалық мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Семинарды Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев пен Атырау облысы әкімі аппаратының Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Жазира Қайырова жүргізді. Іс-шараға қалалық әкімдіктің дербес бөлімдерінің, ауылдық округ әкімдіктерінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының жауапты мамандары қатысты.
Семинар барысында Атырау облысы әкімі аппаратының Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Жазира Қайырова қатысушыларға слайдтық таныстырылым ұсынып, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеудің тәртібі мен негізгі талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ азаматтардың жолданымдарын қабылдау және қарау тәртібіне, оларды сапалы әрі уақытылы орындауға, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларын практикада қолдану ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды.
Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Сарсенбайұлы әрбір өтініштің артында адамның тағдыры тұрғанын ерекше атап өтті.
– Заңды және жеке тұлғалардың әрбір өтініші уақытылы әрі сапалы қаралуы тиіс. Азаматтардың мұң-мұқтажына бейжай қарамай, заң талаптарына сәйкес нақты жауап беру – мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Өкінішке қарай, бұл бағытта әлі де кемшіліктер кездеседі. Сондықтан олқылықтарға жол бермей, әрбір өтінішке мұқият қарап, жан-жақты әрі тиянақты жауап беруіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар уәкілетті және қадағалау органдарының тұрақты бақылауында, – деді ол.
Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-atyrau/press/news/details/1268300?lang=ru

Жауап қалдыру