
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен елді мекендердегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиында бюджет кірісін арттыру, салық берешегін өндіру, заңсыз құрылысқа жол бермеу, елді мекендерді абаттандыру, көшелердің жай-күйі, табиғи газбен қамту және санитарлық тазалық мәселелері қаралды.
Аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында жауапты басшылардың баяндамасымен ғана шектелмей, әр бағыттағы нақты жағдайға назар аударды. Әсіресе, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылу деңгейіне қатысты бірқатар кемшілік сынға алынды.
Алдымен аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ердос Әбішев білім саласының қазіргі ахуалы және жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Қазіргі таңда ауданда 77 мектепте 37 962 оқушы білім алуда. Оның 66-сы мемлекеттік, 11-і жекеменшік мектеп. Сонымен қатар 61 мектепке дейінгі ұйымда 2–6 жас аралығындағы 8 700 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 99 пайызды құрайды.
Баяндама барысында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім беру нысандарының дайындығы да сөз болды. Аудан басшысы мектептердегі құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, нысандарды оқу жылына дейін толық әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды.
«Оқу жылы басталғанша уақыт аз. Жөндеу жүргізіліп жатқан мектептердің бірде-бірінде жұмыс созбалаңға салынбауы тиіс. Балалардың қауіпсіздігі мен білім алуына қажетті жағдай толық қамтамасыз етілуі керек. Жауапты басшылар бұл мәселеге немқұрайлылық танытпауы керек», – деді аудан әкімі.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков баяндамасында қаралды.
Ауылдық округтердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жай-күйі талқыланып, бірқатар аумақтағы нақты кемшіліктер ортаға салынды. Атап айтқанда, көшелердің тазалығы, жарықтандыру жүйесі, балалар ойын алаңдарының күтімі, жасыл желектерді күтіп-баптау және елді мекендердің көркін келтіру бағытындағы жұмыстардың кей жерлерде талапқа сай жүргізілмей отырғаны айтылды.
Аудан әкімі бұл жағдайға қатаң сын айтып, ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жиын соңында жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеп, тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1268791?lang=ru

Жауап қалдыру